07 Тамыз, 2018

Рұқсат етілмеген жерде діни әдебиеттерді сатқан 7 адам жауапқа тартылды

ATPress.kz. 7 тамыз. Рұқсат етілмеген жерде діни әдебиеттерді сатуға жол берілмейді.

Атырау облыстық дін істері басқармасының хабарлауынша, мұндай рұқсаты бар 12 сауда нүктесінің 10-ы облыс орталығы, қалғаны Құлсары қаласында орналасқан.

Биыл облыстық ішкі істер департаменті экстремизмге қарсы іс қимыл басқармасы жүргізген тексеру қорытындысымен діни әдебиеттер, электронды жайнамаз бен құранды рұқсат етілмеген жерде саудалаған 7 тұлға анықталып, жауапқа тартылыпты.

«Әзірге солардың тек үшеуі ғана Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490 бабына сәйкес сот алдында жауап беріп, 84 мың теңгеден аса айыппұл арқалаған. Ал, өзге істер сот қарауында», - деп мәлімдейді ОІІД баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетелік, діни мазмұндағы оқулықтарды сатушылар дін істері басқармасы немесе жергілікті атқарушы органдарға арыздануы қажет. Сауда-саттық мешіт ауласындағы немесе сауда орындарындағы арнайы дүңгіршіктерде ғана рұқсат етіледі.

«Дін саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандартын бекіту туралы» Заңы аясында кез-келген жерде, әсіресе мемлекеттік органдар немесе оқу ғимараттарының қасында діни мазмұндағы әдебиеттер саудаланбауы шарт. Олар әлеуметтік маңызы бар нысандардан кем дегенде 300 метр алшақ орналасуы тиіс», - деп ескертеді сала мамандары.


Айқара Ғұмар

Фото qamshy.kz сайтынан алынған

Тегтер: діни әдебиет сату Атырау рұқсат