07 Тамыз, 2018

Атырауда браконьерлерден 600-ден астам көлік құралы тәркіленді

ATPress.kz. 7 тамыз. Соңғы екі жарым жыл ішінде браконьерлерге қатысты 4 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, 58 заңсыз балық аулаушының үстінен 35 қылмыстық іс қозғалған.

Браконьерлерден жалпы сомасы 125 млн теңге шығын өндірілді, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетовтің айтуынша, барлық құзырлы органдардың бірлескен жұмыстары нәтижесінде браконьерлікпен күрес кең көлемде жүргізіліп келеді.

«Соңғы екі жылда браконьерлікпен күрес күшейді, мысалы 2014-2015 жылдары 14 қылмыстық іс қозғалса, 2016-2017 жылдары 35 болды. Соңғы екі жылда заңсыз балық аулаушылар 125 миллион теңге шығынды өтеді. Сәйкесінше, 2014-2015 жылдары 33 миллион теңге болған еді. Жалпы, 2016-2017 жылдары 11 мың балық аулау құралын, 600 жүзу және көлік құралын тәркіледік», - дейді Данияр Баймағамбетов.

Оның мәлімдеуінше, қазір нақты нәтижелер бар.

«Айта кету керек, көп жылдан бері биыл ғана Жайық өзенінде ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде шоқыр балығының шабақтары анықталды. Бұл балық қорғау жұмыстарының тиімділігін көрсетеді. Бағалы балық түрлері уылдырық шашатын орындарына дейін жетті. Осылайша биыл бекірелер жасанды түрде ғана емес, табиғи түрде де өндіріледі, - дейді Данияр Баймағамбетов. - Мемлекет басшысы балық қорын болашақ ұрпақ үшін сақтау міндетін қойды. Бүгінде заңсыз балық аулаумен күшейтілген күрес нәтижесінде болашаққа деген үмітіміз пайда болды».

Күзгі балық аулау маусымында балық аулау кооперативтеріне берілетін лимиттің игерілуіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Балық қабылдау бөлімшелері қатаң қадағаланады. Осы шаралар балық шаруашылығы субъектілерінің квотаны игеру мөлшерін 87,3 пайызға дейін арттыруға ықпал етті. Бұл соңғы 8 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

- Өкінішке қарай, кейбір балық кооперативтерінің барлық аулаған балықтарын тіркемеу деректері анықталды. Ол балық аулауға берілген лимиттің толық игерілмеуіне әкеліп, көлеңкелі нарықты ынталандырды,-дейді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы. - Қазір әр ресми балық аулау қайығы мен балық қабылдау бөлімшелерін бақылауда ұстап отырмыз. Табиғат пайдаланушылардың заңмен белгіленген тәртіпте тек рұқсат етілген балық түрлерін аулауларын қадағалаймыз».


Айқара Ғұмар

Тегтер: браконьер балық аулау Атырау қылмыс