23 Шілде, 2018

Атырау қаласында 4 стационарлық полиция бекеті салынады

ATPress.kz. 23 шілде.Жаңа полиция бекеттері штаттан тыс жағдайлардың туындауына мейлінше жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жаңа объектілердің жобалық-сметалық құжаттары биылғы жылдың наурыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Енді стационарлық полиция бекеттерінің құрылысы басталды.

- Атырау қаласының кіре беріс жолдарына барлығы 4 бекет салынады. Олар - Астрахань, Орал, Құлсары және Индер жағынан кіретін жолдарда орналаспақ. Бұл полицейлерге барлық автокөліктер туралы деректерді білуге мүмкіндік береді, - дейді Атырау облыстық ІІД-ның баспасөз қызметінің өкілдері.

Олардың айтуынша, қылмыстардың негізгі бөлігі көбіне демалыс күндері Атырауға өзге облыстардан жеңіл табыс табуға келетін «гастролерлермен» жасалады. Сондай-ақ, балық аулау маусымы кезінде автокөлік ағынын мүлтіксіз бақылау үшін бекеттердің рөлі ерекше. Бұл браконерлікпен күреске айтарлықтай үлес қосары анық.

Бекеттер барлық автокөліктерді есепке алуды автоматты режимде жүргізетін деректер базасы бар бейнекамералармен жабдықталатын болады.

Облыстық құрылыс басқармасының ақпараты бойынша, жаңа нысандардың құрылысы биыл қыркүйекте аяқталады деп жоспарланған. Жаңа бекеттер «Атырау - Орал», «Атырау - Индер», «Атырау - Ақтау» және «Котяев - Рубеж» автожолдарында орнатылады.



Естеріңізге салсақ, 2016 жылы өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Индер ауданына жұмыс сапары кезінде қаладан шығатын жерлерде полиция бекеттерінің құрылысын салу тұжырымдамасын әзірлеуге тапсырма берген болатын. Облыс әкімі мұндай шараның көлік ағынын бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін, жүргізушілерді тәртіпке салатынын және жол қозғалысының қауіпсіздігіне қолайлы әсерін тигізетінін айтқан еді.


Айқара Ғұмар

Тегтер: стационарлық полиция бекет Атырау құрылыс