12 Шілде, 2018

Индерборда жүргізіліп жатқан кәріз жүйесі құрылысы сынның астында қалды

ATPress.kz. 12 шілде. Индерборда жүргізіліп жатқан кәріз жүйесі құрылысына байланысты тұрғындар тарапынан сын көбейіп кетті.

Осыған орай, Индер ауданы «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі мен депутаттық фракцияның біріккен отырысы өтіп, аталмыш мәселе талқыға салынды.

Индербор кенті әкімі Р. Тұрабаев қазылған жерді қалпына келтіру, асфальт жоқ көшелерге су шашу сынды жұмыстарды түпкілікті атқару мақсатында, мердігер компания «Диар и К» ЖШС-нің жұмысын уақытша тоқтатуды сұрады.

«Индер су» КМК директоры А.Құсайыновтың айтуынша, жұмыс барысында кемшіліктер көп. 

«Қолданыстағы кәріз жүйесін үзіп алған, бірақ авария туралы тиісті орынға хабарланбаған. Нәтижесінде лас су көшеге жайылып, тұрғындар наразылығын туғызуда. Осындай олқылықтарға байланысты айыппұл салынғанмен, мәселе аяқсыз қалып отыр», - дейді спикер.

Қатысушыларды тыңдаған Индер ауданының әкімі С. Арыстан кәріз құрылысы жүйесі өз мерзімінде сапалы аяқталуы тиіс екендігін ескертті. Және тиісті орындарға кемшіліктерді жою туралы тапсырма берді.

 

Ж. Исламғалиев

Тегтер: Индер аудан саяси кеңес партия