09 Шілде, 2018

Соғыс ардагері Зинетолла Мұфтаховты еске алды

ATPress.kz. 9 шілде. Құрманғазы ауданына қарасты Орлы ауылы тұрғындары Ұлы Отан соғысының ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Зинетолла Мұфтаховты еске алды.

Алаулы жылдардың ақиық қыраны» атты көрме-кездесуде майдангердің мұрағатқа тапсырылған 31 тектік құжаттары, мұражай мен ұрпақтары тарапынан әкелінген тұтынған заттары мен фотосуреттері, әр жылдары газет бетінде жарық көрген мақалалар жинақталыпты.

- Жергілікті мұрағат қорындағы тектік құжаттардан жинақталған «Мәңгілік мінәжат» атты кітап шықты. Осы кітапқа Құрманғазы ауданының мұрағат қорынан 310 Отан соғысы, екі тыл еңбеккері және темір жол табанын төсеуге қатысқан 69 адам енді. Күні бүгін мұрағаттың №56 орынында майдангерлердің 333, еңбек ардагерлерінің 73 және ауған соғысы мен Чернобыль апатының зардабын қалпына келтіруші 410 тұлғаның жеке тектік құжаттары бар. «Мәңгілік мінажат» атты кітаптың 126-шы бетінде Зинетолла Мұфтахов ағамыздың суреті мен қысқаша өмірбаяны жазылған. Қалған ардагерлердің де өмірдеректері осында, бәрі де мәңгілік есте, - дейді Құрманғазы аудандық мұрағаттың басшысы Берік Қаменов.

Айта кетелік, Зинетолла Мұфтахов 1923 жылы 13 мамырда Гурьев облысы, Теңіз ауданы Зормата ауылдық кеңесінде қарапайым балықшы отбасында дүниеге келген. 1942 жылы аудандық әскери комиссарияттың шақыртуымен әскерге алынған. Ұлы Отан соғысында Батыс, І Украина, IV Украина майдандарының құрамында Польша, Чехословакия, Венгрия, Румыния жерлерін жаудан азат етуге қатысады. Бастапқы кезде қатардағы жауынгер, гвардия лейтенанты болып, кейін взвод командирі шеніне дейін көтерілген. 1942 жылы жарақаттанып, Омбы қаласында төрт айдай емделгені жөнінде деректер бар. Соғыстағы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен «Майдандағы жанқиярлық ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», «Жуков» және басқа да медальдармен марапатталған.


Қанат Ғұмаров

Тегтер: еске аул ардагер аудан