06 Шілде, 2018

Алты миллион шабақ құтқарылды

ATPress.kz. 6 шілде. Құрманғазы ауданында бөлініп қалған көлшіктердегі ұсақ балықтарды құтқару жұмысы ұйымдастырылуда.

«Каспий-Балық» су бойынан ризығын айырған балықшылардың басын қосқан ірі өндірістік кооператив. Кооператив биыл да арнайы бригада жасақтап, бұл жұмысты шұғыл қолға алды. Қазірдің өзінде бекітілген 93 гектар жердегі 16 көлшіктегі миллионның үстінде шабақтар құтқарылып, арнаға жіберілді. 25 адамнан тұратын бригада маусымнан бастап осы жұмыспен айналысуда.

«Каспий Таңы» өндірістік кооператив төрағасы Бақытжан Теміров балық шабақтан өсетінін айтады. Күні бүгінде кооператив бөлініп қалған сулардағы шабақтарды каналдар қазып, ағын суларға қосу мақсатында 12 адамнан тұратын бригада жасақтаған. Қазіргі кезде жеті учаскедегі 38 гектар жерде жұмыс жасалды. Осы жерлердің 1539 шаршы метр шөбі шабылып, 115 текше метрінің сайлары қазылды. Өзенге жақын жерлер күрекпен қазылып, жыра арқылы қосылды. Аталған учаскелерден 5 миллион 59 мың дана шабақ құтқарылды. Бұл жұмыстар жаз бойы жалғасады.


Қанат Ғұмаров

Тегтер: балық өндірістік кооператив шабақ