06 Шілде, 2018

Онлайн қызмет қолжетімді бола түсті

ATPress.kz. 6 шілде. Құрманғазы ауданы Еңбекші ауылдық округінде мемлекеттік қызметтердің жәрмеңкесі өтті.

Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қанат Ғаббасовтың айтуынша, жәрмеңкенің мақсаты – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бүгінгі заманның жетістіктері ғаламтор желілері, веб-порталдар арқылы әрбір тұрғынның сол қызметтерді үйінде отырып алуына қол жеткізу.

Құрманғазы ауданы әкімдігі жанындағы ұйымдастыру және мемлекеттік көрсетілетін қыметтердің сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Мейіржан Ғұмаровтан білгеніміздей, қазіргі кезде тұрғындар арасында онлайн қызметке қызығушылық жоғары.

- Туу туралы куәлік, арнайы әлеуметтік жәрдемақылар, есейген кезде жеке куәлік алуға, балабақшаға кезекке тұруға, сонымен қатар білім, медицина, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, құрылыс және жер саласындағы қызметтерге электронды нұсқада қол жеткізген өте ыңғайлы. Қазіргі уақытта, тұрғындар тікелей мемлекеттік органдар арқылы қызметтің 20, баламалы түрде 55, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан 67, ал «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы 44 түрін алуына болады, - дейді ол.

Және бір жаңалық, қазіргі таңда Құрманғазы ауданы бойынша барлық ауылдық округ әкімі аппараттары соңғы үлгідегі компьютерлермен қамтылып, өзіне – өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылған.


Б. Уахитов

Тегтер: мемлекеттік қызмет жәрмеңке вебпортал