06 Шілде, 2018

Сарайшық жағалауын бекіту жұмыстары аяқталды

ATPress.kz. 6 шілде. Атырауда Сарайшық қалашығы аумағында жағалауды бекіту жұмыстары аяқталды.

Сонымен бірге, Астана күні құрметіне Атырау облысында мәдениет үйі, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, балабақша, кезекте тұрғандарға пәтер берілді.

Астанаға 20 жыл болған мерейлі күні Махамбет ауданындағы Сарайшық қалашығында жағалауды бекіту жұмыстары аяқталды. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев облыс тұрғындарын атаулы күнмен құттықтады.

- Сарайшық - тарихи орын. Жібек жолы бойында орналасқан бұл көне шаһар енді туристік орталыққа айналады. 2015 жылы қалашық орнын Жайықтың тасқын суынан сақтап қалу үшін қаражат бөлінді, - деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев.

 Астана күні мерекесі құрметіне бұған дейін Махамбет ауданының Береке ауылында мәдениет үйі пайдалануға берілді. Облыста бірнеше әлеуметтік нысан тапсырылды. Кеңөзек селолық округінде ДСК, дәрігерлік амбулаториялық бөлімше ашылды. Жылыой ауданында 580 орындық екі балабақша жұмыстарын бастады. Атырауда 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды.

 

Бек Әзберген

Тегтер: мереке Астана 20жыл Сарайшық