03 Шілде, 2018

Қазақтың қара домбырасына қызығушылық артып келеді

ATPress.kz. 3 шілде. Ұлттық домбыра күнін құрманғазылықтар ерекше жағдайда атап өтті. Құрманғазы ауданы орталығындағы «Тәуелсіздік» алаңында «Күмбірле, күй-домбыра» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Жиналған жұртшылыққа алдымен қазақтың ұлттық тағамдары ақ пен бауырсақ үлестірілді. Шара шымылдығын С.Көшекбаев атындағы Құрманғазы аудандық мәдениет үйі жанындағы халық ұлт-аспаптар оркестрі дирижер А. Жаһинаның сүйемелдеуімен Құрманғазының «Серпер» күйі ашты.

Одан әрі Ж. Мәтжановтың «Тәуелсіздік таңы», Ж. Темірғалиевтің «Бақтыбайдың әуені», Абайдың «Торы жорға» күйлері күмбірледі.

Бүгінгі таңда Құрманғазы ауданында ұлттық аспапты үйренуге қызығушылық білдіріп, үйірмелерге баратын балалардың саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны қуантады. Соның айқын дәлелі - мерекелік шарада Сафон ауылдық мәдениет үйі жанындағы домбырашылар, Д. Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебі жанындағы «Балдәурен» ұлт-аспаптар, Дәулеткерей саз мектебінен құрылған «Жадыра» ансамбльдерінің ұлттық өнерді дәріптеуі болды.

 

Б. Уахитов

Тегтер: оркестр күй ұлттық аспап