03 Шілде, 2018

Дүние есігін ашқан нәрестеге домбыра тарту етілді

ATPress.kz. 3 шілде. Ұлттық домбыра күні шын мәнінде жалпыхалықтық мереке сипатына ие болды.

Сол күні Құрманғазы ауданында бір сәби дүниеге келген болатын. Бақыт құшағындағы ананы Құрманғазы аудандық ішкі саясат бөлімі, «Қоғамдық келісім» мекемесі және орталық аурухана ұжымдары бірлесе құттықтап, сол күні дүние есігін ашқан сәбиге домбыра тарту етті.

Мерекенің маңыздылығына тоқталған Құрманғазы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Г. Мүтиева жас ана Г. Мырзағалиеваға Қазақстан халқы Ассамблеясының нәрестеге арнап жолданған құттықтау хатын оқып берді.

Құттықтау хатында: «Сен туған еліңнің ғажап дәуірінде дүниеге келдің! Сенің Отаның Қазақстан – ұл мен қызы еркін, дамуы қарқынды, Тәуелсіз мемлекет! Сен оның ту тіккен елордасы – Астананың 20 жылдығы аталып жатқан кезеңде жарық дүниеге келіп, Ұлы Дала елінің жұпар ауасымен тыныстай бастадың! Бұл – сенің далаң! Өнегелі, өнерлі жолыңда домбыра жан серігің болсын! Үлкен өмірге жасаған қадамың құтты болсын, Ұлы Дала перзенті», - делінген.

Айта кетелік, өмірге тұңғыш нәрестесін әкеліп отырған жас ана Сафон ауылдық округінің тұрғыны.


А. Шакупова

Тегтер: домбыра нәресте тарту