01 Шілде, 2018

Атырау Астанаға ерекше көпір тарту етті

ATPress.kz. 1 шілде. Президент Назарбаев Атырау Астанаға тарту еткен көпірмен танысты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев көпірдің техникалық-пайдаланушылық сипаттамаларын таныстырды. Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, көпір саябақ аймағындағы жаяу жүргіншілер легі мен велосипед желісін Есіл өзенінің оң жағалауымен жалғайды.

"Егер көпірге жоғарыдан қарайтын болсақ, оның пішіні Атырау облысының символы саналатын балыққа ұқсайтынын көруге болады", – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Қазақстан Президенті жаңа көпір Атырау облысының лайықты тартуы екенін және оның елорда тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет ететініне сенім білдірді.

"Астаналықтар бұл нысандарды дайындауға атсалысқан барлық өңірлерімізге алғыс айтуға тиіс. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Айта кетелік, көпірдің дизайны сәулет өнерінің әлемдік үрдісіне сәйкес келеді. Оның сырт келбеті заманауи үлгіге сай, ал жаяу жүргіншілерге арналған ішкі жағы жарық пен көлеңкенің қызықты көрінісін бейнелейді.

Нысанның жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр. Көпірде жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілерге арналған үш метрлік жолақ, сондай-ақ ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолақ бар. Көпір жабындысы үшін литакрил пайдаланылған. Бұл нысан ауа райы жағдайы ескеріле отырып салынған. Оны жобалағанда желдің әсері де есепке алынған. Салмағы – 1920 тонна.

Велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірді және велосипед инфрақұрылымын «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстарының әкімдіктері тұрғызды.


Тасым Әбіш

Тегтер: Астана Атырау көпір