30 Маусым, 2018

Бүгін Астанада Атырау қаласының көрмесі өтіп жатыр

ATPress.kz. 30 маусым. Бас қаланың 20 жылдығына және Атырау облысының 80 жылдығына, республикалық "Домбыра күніне" арналған көрме ашылды.

"Елордаға аттанған Атырау облысының делегациясы Алтын адам мен домбыра коллекциясын апарды", - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылған көрменің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев, ақын-жазушылар, мәдениет, өнер қайраткерлері, астаналықтар мен қала қонақтары, БАҚ өкілдері қатысты.

"Атырау Астананы құттықтайды" атты көрмеге аймақтағы музейлер мен кітапханалардағы жәдігерлер қойылды. Шара мақсаты - Астана тұрғындары мен қонақтарын Атырау облысының 80 жылдық тарихымен таныстыру. Жергілікті ақын-жазушылардың жаңа жинақтары, кітаптары да көрмеден орын алды. Келушілерге барлығы 200-ге жуық тарихи, этнографиялық, археологиялық экспонаттар ұсынылды, оның ішінде Алтын адам мен көне Сарайшық қаласынан табылған құнды дүниелер де бар.

Мемлекет басшысы бекіткен "Домбыра күнінің" құрметіне көрме барысында қонақтар Атырау топырағында туған Құрманғазы мен Динаның күйлерін тыңдай алады.

Көрмеге жергілікті қолөнер шеберлерінің туындылары да қойылды. Шара аясында "Домбыра - дастан" кітабының тұсаукесері өтті. Ол кітапта музей қорында сақтаулы ұлттық аспаптар жайында жазылған.

- Бүгінгі көрме Атырау облысының бай мұрасы туралы толық мәлімет берді. Белгілі ақын-жазушылардың, домбырашылардың шығармашылығымен таныстық. Әрине, бір көрме арқылы аймақтың бар байлығын көрсету қиын, алайда Алтын адам, домбыра коллекциясы, керемет кітаптар сияқты негізгі жәдігерлер өңір туралы шежірелі сыр шертеді, - дейді ҚР Ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбай.

Көрме Астана қаласында ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында өтіп жатыр.


Тасым Әбіш

Тегтер: домбыра алтын адам Астана