12 Мамыр, 2018

Қасиетті Рамазан 17 мамырда басталады /ВИДЕО

ATPress.kz. 12 мамыр. Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Рамазан 17 мамыр күні басталады. Бұл туралы бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз ресми түрде мәлімдеді.

«Қасиетті айдың басталуын нақты анықтау шариғи үкімдер мен астрономиялық есептер негізінде жүзеге асады. Алғашқы кезеңде мұсылмандар жаңа туған айды көзбен көретін. Ғылым мен технология дамыған заманда мұсылмандық күнтізбе шариғи үкім мен ғылыми зерттеулер негізінде жасалды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед: «Оразаны айдың тууына қарап бастап, айдың тууына қарап аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер», – деген. Бүгінгі астрономиялық есептер 16 мамырда жаңа айдың туылатынын көрсетуде. Ал, 17 мамыр – Рамазан айының алғашқы күні болып есептеледі. 



Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінен жаңа айдың көрінуіне қатысты ресми мәлімет сұратты. Аталмыш мекеме 16 мамырда астрономиялық құралдар көмегімен жаңа айды көруге болатынын мәлімдеді. 

Осыған орай, мүфтияттың Ғұламалар кеңесі шариғи үкім мен отандық астрономиялық ғылыми зерттеу нәтижесін негізге ала отырып, «17 мамыр – Рамазан айының бірінші күні» деген шешім қабылдады», - делінген мүфтият таратқан мәлімдемеде.


Тасым Әбіш