25 Сәуір, 2018

Денис Тен Атырауда шеберлік сағатын өткізеді /ВИДЕО

ATPress.kz. 25 сәуір. Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен Атыраудағы жанкүйерлерімен кездеседі, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұл туралы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет мәлімдеді.

«Бүгінде Атырау өңірінде спортқа ерек көңіл бөлінуде, салауатты өмір салтымен шұғылданушылар қатары да артып келеді. Енді қысқы спорт түрлеріне назар аударатын кез келді. Әсіресе, Атырауда мәнерлеп сырғанау спорты қарқынды дамуда», - дейді Азамат Бекет.

Қазіргі уақытта Атырау облысында мәнерлеп сырғанау спортымен 3-14 жас аралығындағы 58 бала айналысады. Олар республикалық турнирлермен қатар, халықаралық жарыстарда да топ жарып жүр. Ал, Денис Теннің Атырауға келуі жас спортшыларды жетістіктерге жетелеп, өңірдегі қысқы спорт түрінің дамуына оң септігін тигізері анық. 



27 сәуір күні, сағат 19:00-де Мұз айдыны кешенінде мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен қала тұрғындары мен қонақтарына шеберлік сағатын өткізбекші. Келем деушілер болса, есік ашық. Кіру тегін.


Айқара Ғұмар