20 Сәуір, 2018

Нұрлан Ноғаев мектеп бітіру кештерін қарапайым түрде өткізуді ұсынды /ВИДЕО

ATPress.kz. 20 сәуір. «Мектеппен қоштасу қалтаға салмақ салмауы керек» деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. Әкімнің пікірінше, соңғы қоңырауды кең көлемде атап өтудің қажеті жоқ. Аймақтағы білім беру саласы басшыларымен өткен жиналыста Атырау облысы

«Жақында кезекті оқу жылы аяқталады. Әр жыл сайын соңғы қоңырау салтанатын ұйымдастыру тақырыбы көтеріледі. Әрине, кез келген ата-ана, оқушылар да бұл мерекелі күнді жоғары деңгейде өткізгісі келетінін түсінеміз. Тіпті, кейбір ата-аналар осы шараларды өткізуге несие алады екен. Сонда соңғы қоңырауды атап өтуге керек қажеттіліктерді сатып алуға, мейрамханаларда тойлауға қанша қаражат шығындалады?» - деген Атырау облысының басшысы Нұрлан Ноғаев салтанатты шараны қарапайым түрде өткізуге кеңес берді.


 


«Одан еш нәрсе маңызын жоймайды. Ата-аналарына өкпелеп жататын кейбір балаларға осыны дұрыстап түсіндіру керек. Мұғалімдерге сыйлық сатып алудың қажеттілігі жоқ. Қайта мұғалімдер мен мектеп басшылары оқушылармен, ата-аналармен әңгімелесулері тиіс», - дейді Нұрлан Ноғаев. Аймақ басшысының пікірінше, жас буынға мектеппен қоштасу – өмір жолының бастауы екенін түсіндіру керек. 

Жиын барысында облыс әкімі оқу бөлмелерінің жөндеуіне ақша жинауға тыйым салды. «Жыл сайын мектептердің ағымдағы жөндеуіне қаржы бөлеміз, өткен жылы осы мақсатқа 116 миллон теңге бөлінді. Биыл 135 миллион теңге. Қаражат әр оқу орнына жеке жіберіледі. Осы жеткілікті, ата-аналардан ақша жинауға қажеттілік жоқ», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Айта кетелік, мектептің үздік түлектеріне ресми құрмет көрсету салтанаты биыл 15 маусым күні Атырау облыстық әкімдігі ғимаратының алдында өтеді. 


Тасым Әбіш