“Атырау” сауда ойын-сауық кешенінде не болған?

“Атырау” сауда ойын-сауық кешенінде өрт-тактикалық жаттығу өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

2025 жылғы 28 наурызда «Сауда, ойын-сауық орталықтарындағы өрттерді сөндіру» тақырыбында «Атырау» сауда ойын сауық кешенінде өрт-тактикалық жаттығу өткізілді. Бұл туралы облыстық ТЖД Имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы мәлім етті. Өрт-тактикалық жаттығудың мақсаты - өрт сөндіру бөлімдерінің балалар ойын алаңында орын алған өртті сөндіру кезіндегі жауынгерлік дайындығын пысықтау, келушілерді қауіпсіз көшіруді пысықтау, сауда орындарының, ойын-сауық кешендерінің тактикалық жағдайымен, конструкциялық ерекшеліктерімен танысу болды.

Өрт-тактикалық жаттығу барысында «Балалар ойын сауық орталығында» қою қара түтін шығып, көршілес бөлмелерге таралу қаупі туындады. Қалалық өрт сөндіру бөлімдері дереу оқиға орнына жетіп, келушілер мен кәсіпкерлерді эвакуациялау жұмыстарын жүргізді.  Өрт сөндірушілердің жедел әрекетімен шартты өрт сөндіріліп, сауда орындарындағы адамдар толықтай эвакуацияланды. Өрт-тактикалық жаттығуға жалпы саны Атырау облысы ТЖД 8 бірлік техника, 40 жеке құрам жұмылдырылды. Жаттығу соңында талдау жасалып, барлық қатысушылар нысанның тактикалық жағдайы мен ерекшеліктерімен танысты.

Сонымен қатар, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері келушілер мен кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп, өрт кезіндегі дұрыс іс-қимыл әрекеттерін айтып, алғашқы өрт сөндіру құралын пайдалануды көрсетті. Барлық қойылған мақсаттар пысықталды, ал оқу-жаттығу кезінде жоспарланған тапсырмалар толықтай орындалды.